Қызылорда облысы индустриялық-инновациялық даму индексі бойынша үздік үштікке енді
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған өңірлердің индустриялық-инновациялық даму индексі жарияланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл көрсеткіш Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі өңдеу өнеркәсібі мен инновациялық даму қарқынын анықтайтын маңызды құрал болып табылады. Индекс «Tengenomika» сараптамалық платформасы тарапынан Ұлттық статистика бюросы ұсынған ресми деректер негізінде есептеліп, алғаш рет кешенді түрде ұсынылды.
Индекс мынадай төрт негізгі көрсеткішке сүйене отырып есептелген:
Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құнның нақты көлем индексі (НКИ) – өңдеу секторының нақты экономикалық өсімін сипаттайды;
Еңбек өнімділігінің өсімі – жұмысшылардың тиімділігі мен өндірістік қуатты арттыру деңгейін көрсетеді;
Орта және жоғары технологиялық тауарлардың экспорттағы үлесі – аймақтардың ғылыми-техникалық әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді;
Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған негізгі капиталға инвестициялар көлемінің НКИ – ұзақ мерзімді өндірістік дамуға жасалған қаржылық салымдарды көрсетеді.
Аталған өлшемдер бойынша өңірлердің даму деңгейі сараланып, нақты индустриялық-инновациялық өсу әлеуеті бағаланды. Индекстің көшбасында тұрған өңірлер – экономикалық өсімді тек шикізаттық сектор арқылы емес, инвестиция, еңбек өнімділігі және технологиялық экспорт арқылы қамтамасыз етіп отырған аймақтар.
Ал индустриялық дамуда артта қалған өңірлер – әлі де болса шикізаттық бағытқа тәуелді және жоғары қосылған құн қалыптастыруға қабілетті заманауи өндірістерді дамытуда айтарлықтай жетістікке жете алмаған аймақтар.
Қызылорда облысы бұл рейтинг бойынша ел бойынша үздік үш өңірдің қатарына кіріп, индустриялық-инновациялық даму бағытында жоғары серпін көрсетіп отыр. Бұл өңірде өңдеу өнеркәсібінің нақты өсімі, технологиялық экспорттағы үлестің артуы және инвестиция тарту деңгейі оң динамика көрсеткен.
Сарапшылардың пікірінше, Қызылорда облысының бұл табысы бірнеше фактормен байланысты:
Индустриялық-инновациялық жобаларды жүйелі қолдау;
Жергілікті өндірісті жаңғыртуға бағытталған саясат;
Аймақтық инвестициялық климатты жақсарту;
Еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шаралар.
Қызылорда облысының үздік үштікке енуі – өңірдің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын, шикізаттық емес секторға бет бұрып, жоғары технологиялық және өңдеуші өндіріс бағытында алға жылжып келе жатқанын көрсетеді.







