Алты айдан кейін ипотека арзандауы мүмкін
Алты айдан соң ипотекалық несиелердің арзандауы мүмкін. Шілде айынан бастап баспана несиесінің жылдық мөлшерлемесін 20 пайызбен шектеу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл қадам ипотеканы халық үшін қолжетімді етеді деп сенеді. Алайда экономистер мұндай пікірмен келіспейді. Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлемені шектеу керісінше ипотека алуды қиындатуы мүмкін.
Қазіргі таңда мемлекет ипотеканың жылдық шекті мөлшерлемесін 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Дегенмен қаржы мамандары инфляция деңгейі бұл жоспардың жүзеге асуына кедергі болуы мүмкін дейді. Олардың айтуынша, базалық мөлшерлеме 18 пайыз болған жағдайда банктер ипотекалық несиені 22 пайыздан төмен ұсына алмайды. Ал мөлшерлемені жасанды түрде шектеу ипотека нарығының құлдырауына әкелуі ықтимал.
Экономист Жеңіс Шәріптің пікірінше, банктер ипотеканы толық тоқтатпауы мүмкін, алайда құрылыс компанияларымен бірлескен арнайы бағдарламаларға көшуі ғажап емес. Соған қарамастан, нарықтағы ипотекалық несиелер көлемі 30-40 пайызға қысқаруы ықтимал. Оның айтуынша, ипотекалық мөлшерлемені 25 пайыздан 20 пайызға түсіру үшін базалық мөлшерлеме кемінде 2 пайызға төмендеуі қажет.
Ал экономист Бауыржан Ысқақ ипотеканың арзандауы тұрғын үйге деген сұранысты арттырады деп есептейді. Алайда бұл жағдай пәтер бағасының төмендеуіне емес, керісінше қымбаттауына әкелуі мүмкін дейді.
Оның айтуынша, егер 20 миллион теңге 20 жылға 25 пайыздық мөлшерлемемен ипотекаға алынатын болса, ай сайынғы төлем 420–450 мың теңгені құрайды. Ал пайыз 20-ға төмендесе, ай сайынғы төлем шамамен 320–340 мың теңгеге дейін азаяды. Бұл отбасылардың қаржылық жүктемесін жеңілдетеді.
Сонымен қатар экономист ипотека арзандаған жағдайда баспана бағасы 15 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасады. Айта кетейік, мемлекет өткен жылдан бері ипотеканың жылдық тиімді мөлшерлемесін 20 пайызбен шектеуді жоспарлап келеді. Бұл бастама былтыр қарашада іске қосылуы тиіс болғанымен, базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты кейінге шегерілген еді.







