Қазақстанда банктер несие алу талаптарын қатаңдатады
Қазақстанда несие алушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушыларды "жоғары тәуекелді" деп тану критерийлерін кеңейтті. Жаңа ережелер банктерді жауапты несие беруге әрі қарыз алушыларды шамадан тыс қарызға батудан қорғауға бағытталған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Жоғары тәуекел" тобына кімдер кіреді?
- Несие тарихы 3 жылдан аз азаматтар;
- Соңғы 1 жылда 3 АЕК-тен (2025 ж. – 11 796 теңге) жоғары қарызы 30 күннен артық кешіктірілгендер;
- Үш және одан көп қаржы ұйымында өтелмеген несиесі барлар;
- Несие төлемі айлық табысының 45%-ынан асатындар;
- Теріс несие тарихы барлар;
- Табыс көзі расталмаған тұлғалар.
Не өзгереді?
- Банктер дефолт қаупі жоғары азаматтарды қарызға аларда немесе алғаннан кейін қатаң тексеріп отырады.
- Мұндай қарыз алушыларға қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігі бірінші кезекте ұсынылады.
- Сотқа дейін банктер клиенттің өмірлік жағдайына талдау жасап, қиындықтар уақытша ма, әлде тұрақты ма – соны анықтауы қажет.
- Тек содан кейін ғана өндіріп алу шараларын бастай алады.
Мақсат – қаржылық тұрақтылықты сақтау және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау.
Жаңа нормалар арқылы банктер клиенттің төлем қабілетін нақты әрі әділетті бағалауға міндеттеледі. Бұл қадамдар елдегі несие нарығындағы тұрақтылықты арттыруға және азаматтардың қаржылық ауыртпалығын азайтуға бағытталған.