БЖЗҚ қаражаты: Жинақ иесі қайтыс болған жағдайда қаражат кімге беріледі?
Зейнетақы қорында жиналған қаражат – әрбір азаматтың жеке меншігі. Сондықтан зейнетақы жинағының иесі өмірден озғанда, оның шотындағы қаражаттың кімге және қандай тәртіппен берілетіні – қоғамда жиі көтерілетін, өзекті сұрақтардың бірі. Осыған орай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) қазақ қоғамын алаңдатқан маңызды мәселеге нақты жауап берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Зейнетақы – жеке меншік және мұраға беріледі
БЖЗҚ мәліметінше, әрбір азаматтың зейнетақы шотындағы қаражат – оның дербес меншігі болып саналады. Тиісінше, бұл қаражат мұрагерлік жолмен беріледі.
Алдымен – жерлеуге арналған төлем
Мұрагерлік рәсімдер толық аяқталғанға дейін, қайтыс болған азаматтың отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізіледі. Бұл төлем міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік жарналар мен ерікті жарналар есебінен төленеді.
Төлем мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 94 АЕК-тен аспауға тиіс және марқұмның шотындағы қалдықтан артық болмауы қажет.
Егер төлем жасалған соң шоттағы қалдық ең төменгі зейнетақыдан аз болса, қалған сома да жерлеуге арналған төлемге қосылып, отбасы мүшелеріне беріледі.
Мұрагерлік рәсім қалай жүргізіледі?
Жерлеуге арналған төлемнен кейін шоттағы қалған сома ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұра ретінде беріледі.
Ол үшін мұрагер нотариусқа немесе уәкілетті органға мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде өтініш беруі керек.
"Е-нотариат" жүйесі – рәсімді жеңілдетеді
Қазіргі таңда нотариустар "Е-нотариат" жүйесі арқылы БЖЗҚ-ға тікелей онлайн сұрау жібере алады. Бұл жүйе 2019 жылдан бастап жұмыс істейді және мұрагерлік істерді жүргізуді айтарлықтай жеңілдеткен.
Құжаттарды тапсыру жолдары
Мұрагер мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алған соң, БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне мынадай тәсілдердің бірімен құжаттар тапсырады:
- Жеке өзі;
- Сенім білдірілген тұлға арқылы;
- Пошта арқылы.
Егер құжаттар шетелде жасалған болса, олар мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылып, қажет жағдайда нотариалды куәландырылып, заңдастырылуы тиіс. Бұл талап халықаралық шарттармен өзгеше көзделмеген жағдайда қолданылады.
Шетелдік азаматтар да дәл осындай тәртіппен, паспорттарының аударма және расталған нұсқаларын ұсына отырып, төлем рәсімдей алады.
Төлемдер қалай жүзеге асады?
БЖЗҚ қажетті құжаттар толық тапсырылған соң, заңнамада белгіленген мерзім ішінде төлемдерді жүзеге асырады.
Қажетті құжаттардың нақты тізімі БЖЗҚ-ның ресми сайтында және YouTube арнасында жарияланған.
Қайтыс болған азаматтың зейнетақы жинағы – оның өмір бойы жинаған жеке қаражаты. Заңнама бұл қаражатты отбасы мүшелеріне немесе заңды мұрагерлеріне әділ және ашық жолмен беру тәртібін нақты белгілеген.
Бүгінгі таңда цифрлық жүйелер мен заңнамалық базаның жетілдірілуі мұрагерлік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
Ең бастысы – әрбір азамат өзінің және отбасының қаржылық болашағына сенімді болуы үшін мұндай ақпараттан хабардар болуы тиіс.







