Мәжіліс депутаты: 500 теңгелік жолақы қазақстандықтардың қалтасына сай емес
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов қоғамдық көлік жолақысын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысты қолдамайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, мұндай баға қазіргі қазақстандықтардың нақты табыс деңгейіне сай келмейді және бұл бастама әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына қайшы.
Субсидия – әлемдік тәжірибе
Шаталов қоғамдық көлік саласын субсидиялау – халықаралық деңгейде қалыптасқан тәжірибе екенін еске салды. Оның айтуынша, кейбір маршруттар өзін-өзі ақтайтын болса, енді бірі – жер бедері күрделі, жолаушылар ағыны аз, ұзақ бағыттарда – едәуір шығынға жұмыс істейді. Мұндай жағдайда айқаспалы субсидиялау әдісі қолданылады.
Еске салайық, бұған дейін сарапшы Олжас Байділдинов Астана мен Алматы қалаларында автобус билеті 500 теңге болуы керек деген ұсыныс жасаған еді. Оның айтуынша, қазіргі тарифтер көлік компанияларының шығынын жаппайды, ал сала шығынмен жұмыс істеп отыр.
Алайда, бұл пікір қоғамда кең сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушыларының көбі сарапшы бұл ұсынысын ешқандай ресми есеппен немесе дәлелмен негіздемегенін алға тартты. Халықтың негізгі уәжі – қазіргі экономикалық жағдайда жолақының мұндай күрт қымбаттауы азаматтардың қалтасына ауыр соғады.
Никита Шаталовтың мәлімдемесі қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызын тағы бір мәрте алға тартып отыр. Оның айтуынша, қоғамдық көліктің бағасын нарық заңымен емес, әлеуметтік әділеттілік және халықтың табыс деңгейі анықтауы тиіс.
Қоғамдық көлік – тек бизнес емес, ол қалалық инфрақұрылымның және әлеуметтік әділеттіліктің маңызды бөлігі. Сондықтан оның құнын белгілеуде жергілікті билік, мәслихаттар және қоғамның пікірін ескеру – басты талап.