24 қарашадан бастап кепілсіз несие алуға шектеу енгізіледі
Қазақстанда тұтынушылық қаржы нарығын реттеуге бағытталған жаңа талаптар күшіне енеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктерге арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы №70 қаулы қабылдады.
Құжатқа сәйкес, соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімі кешіктірілген қарызы бар азаматтар үшін борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Бұл олардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге және қайта дефолтқа ұшырау ықтималдығын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, бірқатар жағдайларда банктердің кепілсіз тұтынушылық несие беруіне тыйым салынады. Шектеу келесі талаптардың бірі анықталған кезде қолданылады:
банктік қарыздар бойынша 30 күннен аса, микрокредиттер бойынша 1 күннен аса мерзімі өткен берешек болғанда;
2025 жылғы 1 шілдеден кейін соңғы 36 ай ішінде негізгі қарыз немесе сыйақы толық кешірілген жағдай тіркелгенде;
соңғы 12 айда жүргізілген қайта құрылымдау қарыз алушының міндеттемелерін орындауына оң әсер етпеген болса.
Жаңа тәртіп 2025 жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс отырысында тұтынушылық несиелердің ең жоғары пайыздық мөлшерлемесін 46%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отырғанын айтқан еді.







