Үкімет азық-түлік бағасын қалай тұрақтандырмақ?
Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тежеу мәселесі талқыланды. Жиында азық-түлік бағасының өсуін шектеу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Биыл 4 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кеңейтілген тізбесі күшіне енді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері азық-түлік бағасы небәрі 0,2%-ға өсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе төмен көрсеткіш.
Жыл басынан бері бірқатар өнім арзандады. Атап айтқанда, сүт, қаймақ, ірімшік бағасы төмендеді. Сондай-ақ қызанақ, қияр, алма сияқты көкөністер де арзандаған. Кеңейтілген тізімге енген күріш, шай, ет пен балықтың кейбір түрлері бойынша да баға төмендеді.
Дегенмен күнбағыс майы, сары май мен сүзбе бағасы қымбаттауда. Бұл импортқа тәуелділік пен әлемдік нарықтағы бағаның өсуіне байланысты. Осыған орай, Үкімет өндірушілермен өнім бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасамақ.
Әлеуметтік нан бағасының өсуі тіркелген Түркістан облысында жағдай тұрақтандырылып, баға бұрынғы деңгейіне қайтарылды. Өңірлерді арзандатылған ұнмен үздіксіз қамтамасыз ету тапсырылды.
Картоп пен көкөніс бағасы жалпы тұрақты. Қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорларынан өнім сату жалғасады. Сонымен қатар көрші елдерден ерте пісетін көкөністерді жеткізу және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жоспарланған.
Үкімет жауапты органдарға бағаны тұрақтандыру шараларын қайта қарап, күшейтуді тапсырды.







