Қымбатшылық халықтың табысын басып озды
Ресми деректер елде жыл сайын орташа жалақы өсіп жатқанын жария еткенімен, халықтың тұрмысы сол сандарға лайық болмай отыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Жыл басында елдің экономикалық ахуалы қозғалған баспасөз жиыны өтіп, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов "Қазақстанда жалақы бұрынғыға қарағанда баяу өсіп жатыр" деп ашығын айтқан. Халықтың нақты табысы шын мәнінде 1,5-2 пайызға төмендеген. Қымбатшылықты тежемейінше, жұрттың қалаған нәрсесін сатып ала алмайтынын хабарлаған.
Дәл осы инфляцияға келгенде көңіл құлазытар сандар көп. Пандемияға дейін, 2018-2019 жылдары елде жағдай тұрақтырақ болды, қымбатшылық 5 пайыз төңірегінен аспады. Ал пандемия басталғанда аяқ-асты 7,5 пайызға жетіп, 2021 жылы – 8,4 пайызға, 2022 жылы тіпті 19,6 пайызға өсті. Содан бері 15 пайыздың шамасында көрсеткіштер тіркелген. Ал жалақы жыл сайын 10 пайыздық номиналды өсім көрсеткен.
Ұлттық экономика министрлігі таяуда болжам жасап, 2026 жылы орташа жалақы 500 мың теңге болатынын, ал 2028 жылы 600 мыңдық межеден асатынын мәлім еткен. Ал кейінгі деректер, нақтырақ 2025 жылдың 3-тоқсанындағы есеп бойынша, Қазақстанда орташа жалақы 430 мың теңгеге жуықтаған.
Ұлттық банк елде 3 жылды қоса алғанда (2021-2024 жылдары) жалақы 17 пайызға ғана өскенін мәлімдеген. Сондықтан банк басшылығы статистика емес, нақты өмір жағдайын бағалау керегін жеткізген. Ол үшін жұмыс істейтін жұрттың жалақысы бірнеше жыл бойы орнында тұрмай, өсіп отыруы қажет. Бірақ жұмыс берушілер бұл талапты орындай бермейтіні анық.







