Елімізде 3 жаңа су электр станциясы салынбақ
Қазақстанның үш облысында су қоймаларына шағын СЭС салу жоспарланған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" мекемесі Қарағандыдағы Самарқанд, Ақтөбедегі Қарғалы және Абайдағы Қаракөл су қоймаларында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуде. Қазіргі уақытта үш жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, ал тағы бес нысан бойынша құжат дайындалған. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын болмақ.
Бұл жұмыстар 2025 - жылғы қыркүйекте қабылданған "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық құрылыс нысандарында шағын СЭС дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүргізіліп отыр. Қазіргі таңда шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктелген.
Жол картасының жүзеге асырылуы гидротехникалық нысандарда жыл сайын өндірілетін электр қуатын 30 МВт-қа жеткізеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар: Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабы, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасы және Қорғас өзеніндегі "Достық" гидроторабы.







