Елімізде импорттық тауарлардың бағасы бірнеше пайызға төмендемек
Қазақстанда шетелден әкелінетін тауарлардың бағасы біршама төмендеуі ықтимал сарапшылардың айтуынша, доллар бағамының әлсіреуі импорттық өнімдер құнына әсер етуі мүмкін,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта АҚШ долларының бағамы шамамен 470 теңге деңгейінде қалыптасып отыр. Бұл соңғы екі жылға жуық уақыттағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады. Бұған дейін мұндай деңгей 2024 жылдың жаз айларының басында байқалған. Сарапшылардың пікірінше, теңгенің нығаюы ең алдымен сыртқы факторларға байланысты. Әсіресе Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс мұнай бағасының өсуіне әсер етіп, соның нәтижесінде ұлттық валютаға қолдау көрсетіп отыр. Ормұз бұғазы маңындағы жағдайдың күрделенуі энергия ресурстарына сұранысты арттырып, мұнай нарығында бағаның көтерілуіне себеп болды.
Экономист Арман Байғановтың айтуынша, қазіргі айырбас бағамы импорттаушылар үшін тиімді жағдай қалыптастырып отыр. Себебі доллардың арзандауы шетелден келетін тауарлардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік бермек.
Шетелден тауар әкелетін кәсіпкерлер үшін қазіргі бағам анағұрлым тиімді. Сондықтан жаппай сатып алуды осы кезеңде жүргізген дұрыс. Кейінге қалдырылған әсерді ескерсек, алдағы 1 ай ішінде импорттық тауарлар бірнеше % шамасында арзандауы мүмкін. Мәселен, тұрмыстық техника немесе көліктер бағасы аздап төмендеуі ықтимал. Бірақ 10-20% деңгейінде айтарлықтай құлдырау болмайды», деді сарапшы.
Сонымен қатар, теңге бағамына ішкі экономикалық факторлар да ықпал етуде. Сарапшылар салық-бюджет саясатының өзгеруі, мемлекеттік кірістердің артуы және валюта нарығындағы реттеу шаралары ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтауға әсер етіп отырғанын атап өтеді. Кейбір бағалаулар бойынша, Ұлттық банктің интервенциялары мен экспорттық түсімдердің көбеюі де теңгенің нығаюына қосымша серпін берген. Дегенмен мамандар қазіргі үрдіс ұзаққа созылмауы мүмкін екенін ескертеді. Егер Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай тұрақталып, мұнай бағасы төмендей бастаса, теңге қайта әлсіреуі ықтимал. Сонымен бірге әлемдік нарықтағы доллардың күшеюі де ұлттық валютаға қысым түсіруі мүмкін. Жалпы алғанда, қазіргі жағдайда импорттық тауарлардың бағасы біршама арзандауы ықтимал. Алайда сарапшылар бағаның күрт төмендеуін күтпейді, өйткені ішкі нарықтағы инфляциялық қысым әлі де сақталып отыр.







