ШҚО-да азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін биыл 8 мыңнан астам рейд жүргізілді

500

Шығыс Қазақстан облысында азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін жыл басынан бері 8 мыңнан астам рейд жүргізілді, деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Фото: pixabay.comШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңір бойынша азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылған. Осы жылдың ақпан айынан бастап 8,3 мың рейд жүргізілді.


Соңғы бір апта ішінде 55 бұзушылық анықталып, бірден түзетілді. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің деректері бойынша жалпы Шығыс Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленген сауда үстемесінің рұқсат етілген шектен асырылуы бойынша 113 арыз келіп түскен.


«ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес 2021 жылғы 10 шілдеде баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын. 1062 көтерме сатушымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және сауда объектілерінің иелерімен ең төменгі 7% сауда үстемесін қолдану туралы меморандум жасалды. Бүгінде облыс бойынша 27 әлеуметтік дүкен және 230 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді. Онда негізгі тауарлар ең төменгі сауда үстемесімен сатылады», - дейді басқарманың мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлімінің басшысы Анна Жанайдарова.


Өнімдерді сауда үстемесінсіз сату үшін облыста тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілуде. Сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда орталықтары мен дүкендерде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорына мониторинг жүргізуде.