Қазақстанда желатин шығаратын зауыт салынбақ
466
Алматы қаласында шетелдік инвестор желатин шығаратын зауыт салады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мегаполистің негізгі шетелдік инвесторлары – ТМД елдері, Таяу Шығыс, АҚШ, Түркия және Израиль елдері болмақ.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, шетелдік инвесторлардың бірі Алматы индустриялық аймағында желатин шығаратын зауыт салады.
«Осы мақсатта Iskefe түрік холдингіне 4,5 гектар жер телімі бөлінді. Компания зауыт құрылысына 9,8 млрд теңге салып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Зауыттың өндірістік қуаты 7 мың тоннадан астам желатин шығаруға мүмкіндік береді», - деді ол. Тағы бір инвестжоба – медициналық орталықтың құрылысы. «International Business Group» ЖШС бастамасымен және 150 жұмыс орнын құрумен басталды. Жоба құны – 2 млрд теңге. Сондай-ақ, ірі инвестор қаражаты есебінен Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр. «Жаңа терминал әуежайдың өткізу қуатын жылына қазіргі 2,5 миллион жолаушыдан 14 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 90 млрд теңге. Іске асыру мерзімі 2024 жылға жоспарланған», - дейді Берік Солтанбаев. Жалпы, биылғы бірінші тоқсанда Алматыға құйылған шетелдік инвестициялар ағыны 1,6 млрд АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,4%-ға көп. «Биыл 2,1 млрд теңге сомасына екі шетелдік жоба іске асырылды. Олардың ішінде технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері мен аварияға қарсы қорғау жүйелері шкафтарын шығару бойынша инновациялық өндіріс бар. Жобаны Fortune 500 тізіміне кіретін, электрондық басқару және автоматтандыру жүйелері нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі американдық Honeywell корпорациясы жүзеге асырады», - деді спикер.