Қазақстан экономикасы тоғыз айда 4,7 пайызға өсті
2 258
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 9 айда ел экономикасы 4,7 пайызға өскенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Осы жылғы қантар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,7 пайызды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,7, ал қызмет көрсету саласы 5,1 пайызға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1 пайыз болды. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 59,4, саудада – 37,5, білім беруде – 23,7, ауыл шаруашылығында – 12,9, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,2, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 4,3 пайызға артты», - деді министр.
Оның атап өтуінше, өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарында байқалды.
«Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 4,2 пайызға өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 16,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 39,8 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең», - деді Әлібек Қуантыров.