Аманжол Оңғарбаев: Сексеуілдегі бүлінген нысандар қалпына келтіріледі
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі, комиссия төрағасы А.Оңғарбаев қатысып, күн тәртібіндегі негізгі мәселені назарға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиында ауа-райының салдарынан Сексеуіл кентіндегі әлеуметтік нысандар, тұрғын-үй шатырлары мен қабырға жабындыларының ұшу жағдайы туралы Сексеуіл кенті әкімінің міндетін атқарушы Н.Орынбасаров хабарлама жасап, кент орталығында жауын-шашын аралас қатты дауыл салдарынан қалыптасқан жағдайды баяндады.
Төтенше жағдай салдарынан орын алған олқылықтарды қайта қалпына келтіруге қатысты жауаптыларға бірқатар сауал жолдаған аудан әкімі, бүлінген әлеуметтік нысандарды қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтіруді тапсырды.
Сондай-ақ орын алған жағдайдың табиғи апаттың салдарынан болғанын және жеке тұрғын үйлерге қаржы қаралмағандығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.
Қазіргі таңда Секесуілде болған қатты дауылдың салдарынан келтірілген нақты шығындар көлемі есептелу үстінде. Дүлей дауылдан кенттегі көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларына да зақым келген. Аудан әкімі кемшіліктерді қалпына келтіру үшін жауапты сала басшыларын бірлесіп, шұғыл әрекет етуге шақырды.
Оқиға болған күні кент бойынша 25 тің үстінде жарық бағаналары құлап, салдарынан 850 дей тұрғын үй жарықсыз қалған-ды. Бүгінде олқылықтар түгел қалпына келтірілген. Ал бүлінген әлеуметтік нысандар бойынша жауапты сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды аудан басшысына қысқаша хабарлады.
Комиссия құрамының жұмысына қаныққан аудан әкімі А.Оңғарбаев кемшіліктерді жою барысында ең алдымен жұмыстың сапасына мән беру керектігін атап өтті.
Мұнан соң жиынды қорытындылап, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.