Елімізде экономиканың шикізатқа тәуелділігі азайып келеді
Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, біртіндеп әртараптандырылған даму үлгісіне көшіп келеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Мұндай қорытынды World Impact Media Organization ұйымының елдің экономикалық дамуына арналған зерттеуінде жарияланған. Зерттеу авторларының айтуынша, әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан оң даму қарқынын сақтап отыр. 2025 жылдың қорытындысында ел экономикасы 6,5 пайызға, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 3,7 пайызға өскен. Сарапшылардың пікірінше, экономикалық өсім енді тек шикізат секторына ғана емес, инвестиция, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларына да сүйеніп келеді. Әсіресе құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, сауда, ауыл шаруашылығы мен телекоммуникация салаларында жоғары өсім байқалады. Зерттеуде инвестициялық белсенділік экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде аталған. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға артқан.
БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының мәліметінше, Қазақстан жаңа жобаларға 19 млрд доллар инвестиция тартып, Орталық Азиядағы мұндай инвестициялардың 89 пайызын қамтамасыз еткен. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 7 пайызға, жеке инвестициялар көлемі 17,4 пайызға өскен. Зерттеу авторлары инвестиция көлемінің артуын жүргізіліп жатқан реформалармен байланыстырады. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі жаңартылған инвестициялық саясат тұжырымдамасы, Инвестициялық штабтың қызметі, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылуы және ірі жобаларға арналған арнайы инвестициялық келісімдер бар. Қазақстандағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етіп отырғаны атап өтілген.
Зерттеуде өндіріс саласын дамытуға ерекше назар аударылған. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 47 пайыздан астамға артқан. Ал биылғы алғашқы бес айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,6 пайызға, салаға салынған инвестициялар 36,4 пайызға өскен. Азық-түлік өндірісіне бағытталған инвестициялар көлемі 2,7 есеге ұлғайған. Сарапшылар Қазақстанның халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты да кеңейтіп жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары ел Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясымен инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдер жасаған.
Жалпы, World Impact Media Organization сарапшылары Қазақстан экономикасы біртіндеп шикізаттық бағыттан инвестицияға, өнеркәсіпке, логистикаға, ауыл шаруашылығына және заманауи қызмет көрсету салаларына негізделген жаңа даму үлгісіне көшіп жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар ел экономикасының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Тағы да оқыңыздар







