Құрылысы 10 жылға созылған астанадағы ЖЭО-3 биыл іске қосылмақ

344
Алтай Көлгіновтің айтуынша, мердігерге биыл ЖЭО-3 құрылысын аяқтау тапсырылған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін аралау барысында ЖЭО-3 құрылыс-монтаждау жұмысымен таныстым.

«Елордада жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынатынын, ал жылыту маусымы шамамен 7 айға созылатынын ескерсек, жылу энергиясының қуатын арттыру қажет. ЖЭО-3 құрылысы 10 жыл бұрын басталған қаланың ұзақ құрылыстарының бірі. Былтыр біз ЖЭО-3 құрылысын қайта бастадық.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет нысан құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді», - деп жазды А.Көлгінов.

Оның айтуынша, мердігерге биыл ЖЭО-3 құрылысын аяқтау тапсырылды.

«Келесі жылыту маусымының басында (2022 жылдың күзі) оның қуаттылығы сағатына 240 гигакалорияны құрайтын болады. Ал 2023 жылдың қаңтарында – сағатына 360 гигакалория (440 Гкал/сағ дейін). ЖЭО-3 қуаттылығы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтуға мүмкіндік береді», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ елордада үш газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Олардың қуаттылығы сағатына 1600 гигакалорияны құрайды, бұл ЖЭО-3 қуатынан 3,5 еседен аса көп. Осылайша газ қазандықтары 22 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді қосымша жылытуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді: ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды.