Өзбекстан санкцияларға байланысты Ресейге GM көліктерін жеткізуді тоқтатты - БАҚ

262
Өзбекстанның UzAuto Motors мемлекеттік автокөлік компаниясы санкцияларға байланысты Ресейге экспортты тоқтатты, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Eurasianet басылымына сілтеме жасап.

UzAuto Motors компаниясы General Motors (GM) тобының Chevrolet маркалы көліктерін шығарады. Бұл көліктер құрамына Оңтүстік Кореяда шығарылған жартылай өткізгіштер мен микросхемалар кіреді.

"UzAuto Ресей Федерациясына автокөліктерді жіберуді жалғастырса, Андижан маңындағы зауытқа құрамдас бөліктерді жеткізу тоқтатылар еді", - деп жазады басылым.


UzAuto өкілі көлік жеткізудің тоқтатылуын растаудан немесе жоққа шығарудан бас тартты. Алайда Детройттағы GM штаб-пәтері анық ақпаратты айтты.

"UzAuto компаниясы 2022 жылғы 9 наурыздан бастап Chevrolet автокөліктерінің Ресейге экспортын тоқтатты", - деді GM өкілі.

Осыдан кейін UzAuto компаниясы автокөліктер мен қосалқы бөлшектерді тасымалдау үшін Ресей порттарын пайдалануды тоқтатқанын растады, бірақ Ресейге көлік сату мәселесін талқылаудан бас тартты.