Қазақстан экономикасы қандай күйде: Министр пікір білдірді

325
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үкімет отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-наурызында жалпы ішкі өнімнің өсім қарқыны минус 1,6 пайызды құрағанын мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарған.
 "Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылдың қаңтар-ақпанындағы минус 2,9 пайыздан қаңтар-наурызда минус 1,6 пайызға дейін жақсарды", - деді Әсет Ерғалиев.

Ол жылдық инфляция 7,0 пайызға дейін баяулағанын жеткізді.

Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсім 7,9 пайызға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға инвестициялар 34 пайызға артты. 

Нақты сектордың көп саласы тұрақты өсім көрсеткен. Олар: құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы. Сонымен қатар ақпарат пен байланыс саласында 9,9 пайыз өсім байқалады. 

Өңдеу өнеркәсібі саласында өсім 7,5 пайызды құрады. 13 өңір оң өсім көрсетсе, 3 облыста төмендеу байқалып отыр, олар: бензин, керосин және мазут өндірісінің қысқаруы салдарынан Атырау облысында, болат құбырлар мен профильдер, бензин мен дизель отыны өндірісінің төмендеуіне байланысты Батыс Қазақстан облысында, мақта және табиғи уран өндірісінің азаюы салдарынан Түркістан облысында.