Лаура Мәлікова: АЭС салсақ Ресей емес, Франция компаниясымен салу керек
323
Белгілі эколог, Тәжірибелеуші экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова Қазақстанда атом электр стансасы қай елдің технологиясымен салынуы керек деген мәселеге байланысты пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, егер АЭС-ты Балқаш көліне жақын салатын болса, онда Балқаштағы судың, биоалуандылықтың мәселесі ескерілуі керек. Росатом туралы айтқан эколог Ресеймен бірге жоба жасаған елдерде экологиялық ахуалдар нашар екенін мәлім етті.
«Ұзақ мерзімді уақытта АЭС-ті салатын болсақ, бірінші кезекте, экологтардың көбі АЭС-тің қандай технологиямен салынатынын білгісі келеді. Қай ел салады деген сұрақ көп қойылып жатыр. Өте маңызды сұрақ. Егер Росатом салатын болса біз келіспейміз деген жауап өте көп кездесті. Себебі Францияда да энергияның көп бөлігі АЭС-тан түзіледі. Жалпы АЭС-ты салуға болады. Бірақ оның технологиясы қандай болуы керек? Менің пайымдауымша, егер Францияның Areva технологиясымен салатын болса, онда келісуге болады. Өйткені оларда қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі қамтамасыз етілген. Ішкі бағдарламалары, жоспарлары, тренингтері де бар. Бәрі де жүйелі түрде! Отынды өңдеу жағынан да олар озып кеткен. Қайта өңдеу зауыттары бар. Осыны ескере келе біз АЭС салатын болсақ, тек Франциямен бірігіп жасауға болады», - деді Лаура Мәлікова Ulysmedia.kz ұйымдастырған подкастта.
Оның айтуынша, егер АЭС-ты Балқаш көліне жақын салатын болса, онда Балқаштағы судың, биоалуандылықтың мәселесі ескерілуі керек. Росатом туралы айтқан эколог Ресеймен бірге жоба жасаған елдерде экологиялық ахуалдар нашар екенін мәлім етті.
«Қай компания келіп салады – сапасы да, жұмысы да соған байланысты. Мәселен, Росатом келер болса, оған қойылатын сұрақтар да көбейеді. Күні ертең біз оларға тәуелді болып қалмаймыз ба? Олар ертең өздерінің талаптарын қойып, кез келген ығына көндіріп отырмай ма деген сияқты сауал көп. Украинада болып жатқан жағдайды көріп отырмыз. Сондықтан мына жағдайда біз экологиялық шешімдерді саяси жағдайға қарап шешуіміз керек. Біз эколог екенбіз деп, саясатқа қатысымыз жоқ деп отырмаймыз ғой. Кәсіби жағынан бізде барынша маманданған Areva (француз) компаниясын біз қолдаймыз», - дейді Лаура Мәлікова.