Жамбыл облысында натрий цианидін өндіретін зауыттың қуаттылығы артады
Жамбыл облысында натрий цианидін өндіретін зауыттың қуаттылығы екі есе артпақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қаратау қаласындағы кәсіпорын жылына 30 мың тонна өнім шығаруды жоспарлайды. Осы мақсатта зауыттың екінші кезеңінің құрылысы басталды. Ауқымды жобаны Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырған. Жаңа зауыт құрылысы қашан аяқталады, және ол ішкі нарықтағы сұранысты қаншалықты қамтамасыз ете алады? Елдегі натрий цианидін өндіретін алғашқы зауыт 2014 жылы Талас ауданында салынды. Мұнда шығарылатын реагент алтынды басқа қоспалардан ажырату үшін қолданылады. Кәсіпорында 600-ден аса адам еңбек етеді. Қазір зауыт толық қуаттылықта жұмыс істеп, жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді. Өнім ішкі нарықтан бөлек Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады.
Қазір зауыттың екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жеке қаражатпен қатар Қазақстанның Даму Банкі және «Baiterek Venture Fund» АҚ тарапынан қаражат тартылды.
Кәсіпорындағы екінші кезеңнің құрылысы келер жылдың желтоқсанында аяқталады. Осылайша зауыт елдегі натрий цианидіне деген сұранысты толық қамтамасыз етуді көздейді. Жалпы өндіріс орны қалдықсыз технологияға негізделген. Натрий цаинидін өндіру процесінде аммоний сульфаты шығарылады және ол тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығында қолданылады.