Еліміздегі экспорттық тауар айналымы 86,3 млрд долларға жеткен

360

Еліміздегі сыртқы сауда айналымы  86,3 млрд долларға жеткен. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі 

"Биыл қаңтар-тамыз аралығында сыртқы сауда тауар  айналымы 36,3%-ға өсіп, 86,3 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша  көрсеткіш 50,6%-ға өсіп, 56 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 36,5%-ға ұлғайып, 16,6 млрд долларды көрсетті. 30 млрд долларға тауарлар импорты жасалды. Жалпы, оң сауда балансы 26,4 млрд долларға тең болды", - деп атап өтті ведомство басшысы. 


Айтуынша, 9 айда, яғни қаңтар-қырқүйекте өндіріс көлемі 4,6%-ға өсті. 

"Көрсеткіштің өсімі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша өсу қарқыны машина жасау өндірісінде 7,6%, оның ішінде автомобиль жасауда – 17,8% және электр жабдықтарын жасауда – 11,5%, азық-түлік тауарлары – 3,7%, сусындар – 7%, пластмасса бұйымдары – 4,9%, дайын металл бұйымдары – 2,5%, химия өнеркәсібі тауарлары – 10,7% және киім өндірісінде – 7,3%-ды құрады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,1%-ке ұлғайды", - деді министр.

Сонымен қатар министр салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетудегі көрсеткіш – 18,4%-ға, көмір өндіруде – 2,1%-ға, газ және металл кендерін өндіруде – 0,6%-ға жеткенін атап өтті. 

"Бұл ретте өндірістің өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,9%-ға төмендеуі тіркелді. Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында орын алды", - деді Әлібек Қуантыров.