ҚАРМАҚШЫДА ҮСЕН ҚОШАЛАҚОВ АТЫНДАҒЫ ОЛИМПИАДА ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
303
Бүгін Қармақшы ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы математика пәнінен дәстүрлі ХV аудандық пәндік олимпиада өтті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Ұстаз-ұлағаттың шайыры» тақырыбында өткізілген олимпиада Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ағасы, ұстаздардың ұстазы болған Үсен Қошалақовтың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, өмір жолын насихаттау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді.
Үсен Қошалақов атындағы олимпиада өзінің ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Жосалы кенті орталығындағы А. Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.
Бүгінгі марапаттау салтанатына Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов арнайы қатысты.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі
- Ұлы адамдардың өмір жолдары қарапайымда мағыналы тарихи оқиғаларға толы болмақ. Кеңес дәуірі кезінде Мәскеудегі ғалымдардың өзін таңқалдырған ағамыздың өмір жолы бүгінде жастарға өнеге . Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Себебі олар озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді.Талантты және дарынды, қабілетті балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет екендігін жеткізді.
Сондай-ақ Үсен Қошалақов атындағы математика пәнінен XV дәстүрлі аудандық олимпиаданың қортындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар шара соңында шақырылған арнайы қонақтар мен ұлағатты ұстаздың ұрпақтары сөз алып,олимпиаданы ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, барша жастарға математика ғылымындағы алғашқы баспалдағына сәттілік тіледі.