Түрік елінде халықаралық конгресс өтті
205
Түркияның Анталья қаласында педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар бойынша түркі әлемінің ІV халықаралық конгресі өтті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ауқымды шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Педагогикалық-психологиялық білім беру және оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Игенбаева қатысты.
Конгрестің негізгі мақсаты – түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайту, педагогика және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша озық тәжірибе жинақтау.
Ғылыми конгресс жұмысына Әзірбайжан, Ресей, Ауғанстан, Қазақстан, Кырғызстан, Өзбекстан, Германия, Венгрия, Македония, Косово, Түркия Республикасынан Солтүстік Кипр, Франция және Түркия сынды барлығы 33 мемлекеттен 721 адам офлайн, 600 адам онлайн форматта қатысты.
Аталмыш форумда Рабиға Игенбаева «Ислами құндылықтар мен қазақ салт-дәстүрлерінің сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазақтың ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері исламның асыл құндылықтарымен біте қайнасып дамығандығы баршамызға белгілі. Мұхаммед пайғамбар айтқан хадистер қазақтың санасына сіңіп, нақылына айналып, халқымыздың ұлттық санасымен, таным-түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып кеткені ешкімге жаңалық емес. Жалпы исламның қалыптасу тарихына көз жүгіртсек, оның өкілдері ислам дінінің байрағы болып табылатын «көркем мінез» деген ұғым арқылы исламды дүние жүзіне таратқан. Баяндамада мұсылманның басқа адамдардың алдындағы ахлақи тәрбиесінің белгісі шыншылдығы, аманатшылдығы және әділдігі айтылып, ұят, кішіпейілділік, инабаттылық, ата-анаға құрмет көрсету, кешірімді болу, туған-туысқандармен жақсы қатынаста болу, тақуалық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету, кедей, мұқтаждар мен жетім-жесірлерге қамқорлық көрсету, тірі жанның хақына нұқсан келтірмеу сынды адамның ізгі, жақсы қасиеттердің қазақтың салт-дәстүрлеріндегі көрінісі мен сабақтастығын баяндадым», – деді Рабиға Тасбергенқызы.
Сондай-ақ, шарада студент-жастардың ислами құндылықтар, оның ішінде ахлақ жайлы, мұсылмандық қағидалар мен қазақтың салт-дәстүрлерінің интеграциясы жайлы білім деңгейлері анықталып, эксперимент нәтижелері көрсетілген.
Конгресс нәтижесі бойынша барлық спикерлерге сертификат пен кәдесый табысталды.