«Қазақстан халқына» қоры 8 өңірде аутист балаларға арналған орталықтар ашпақ
«Қазақстан халқына» қорының «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорлары бірлесіп еліміздің 8 өңіріне аутист балаларға арналған орталықтар ашуды жоспарлауда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2 сәуір – дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күнінде Шымкентте аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Онда жыл сайын 125 бала мамандардың кешенді көмегін тегін алады. Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.
«Қазақстан халқына» қорының «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен бірлесіп іске асыратын «Аутизмі және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» қайырымдылық жобасы аясында елімізде осындай 8 орталық ашылады. Жоба бюджеті – 2,4 млрд теңге.
Орталықтың ерекшелігі – әр түрлі бейінді мамандармен көрсетілетін көмектің кешенді сипаты, ерте көмек көрсету, балалардың халықаралық ғылыми-дәлелді әдістемелер негізінде әлеуметтік өзара іс-қимыл және коммуникация дағдыларын дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мамандарын оқытуды жүргізу.
«Соңғы бес жылда аутизмі бар балалардың саны екі есеге артып, бүгінде елімізде аутизм спектрі бұзылған 12 мыңнан астам бала бар. Мұндай диагноз қойылған бала санының өсуі сәйкесінше қажетті инфрақұрылымды, жағдайдың жасалуды қажет етеді. Кешенді және ұзақ мерзімді көмек жоқ, ата-аналар мен балалар түзету кабинетіне немесе оңалту орталығына кезек күтуге мәжбүр. Осы және басқа да мәселелерді ата-аналар мен азаматтық сектор өкілдері бізге жіберген өтініштері мен ұсыныстарында баяндаған болатын. Сондықтан мәселенің маңыздылығын ескере отырып, серіктестерімізбен оны жүйелі түрде шешуге бастамашы болдық. Мақсат – балалар мен ата-аналарға кешенді және ұзақ мерзімді қолдау көрсету, қоғамда әлеуметтенуіне жағдай жасау. Осылайша аутизмі бар балалар саны ең көп 8 өңірде 8 орталық құрылып, онда жыл сайын 1000 ерекше бала қамтылады», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Шымкентте аутизм спектрі бұзылған 220-дан астам бала тіркелген.
Жаңа орталықта АВА терапиясы, кәсіптік терапия, кинезиотерапия, адаптивті және емдік дене шынықтыру, кәсіптік терапия, арт-терапия, музыкалық терапия, керамика, ата-аналармен жұмыс, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабақтары, логопед, психолог және дефектолог сияқты түрлі қарқынды оқыту бағдарламалары, терапия және оңалту әдістер көзделген.
Жоба бастамашысы – «Қамқорлық қоры» балалармен жұмыс істеу мақсатында аутизмі және басқа да менталды бұзылыстары балаларды оңалту саласындағы мамандарды отандық және шетелдік сарапшылардың курстары, тренингтері, көшпелі семинарларды қамтитын арнайы әзірленген бағдарлама бойынша оқытып, даярлады.
«Қазақстан халқына» қоры және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен орталықтардың материалдық-техникалық жабдықталуын қаржыландырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобаны іске асыру мәселелерінде өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады.
Әкімдіктер инфрақұрылымды іріктеу, орталықтарды жөндеуді қаржыландыру, орталықтарда жұмыс істеу үшін кадрларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізуде.
Шымкенттен басқа, аутизмі бар балаларға арналған 7 орталық Алматы қаласында, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарында ашылады.