"Алтын белгі" иегері ҰБТ-да өзінің орнына өзгені кіргізбек болды

487

Фото: Ұлттық тестілеуҰБТ-да төрт түлектің орнына елордалық екі жоғары оқу орнының студенттері кірмек болған. Олардың бұл әрекеті талапкерлерді ҰБТ-ға кіргізу кезінде Face-ID жүйесі арқылы әшкере болды.


Білім және ғылым министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, студенттер талапкерлердің орнына кіру үшін жалған құжаттар жасаған. 


Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру Face-ID жүйесі мұндай заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Бұл жүйе биыл ҰБТ тапсыратын барлық орталықта енгізілді.


"Бағдарлама тіпті егіздерді де анықтай алады. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ тапсыру кезінде заңбұзушылықтарды қалай анықтау керек екенін жақсы біледі.


 Тестілеуге өз орнына бөгде адамды кіргізбек болғандардың арасында "Алтын белгі" иегері де бар", - деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова. 


Талапкерлер мен олардың орнына тест тапсырмақ болғандар туралы ақпарат құқық қорғау органдарына жіберілді. Оларға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі (жалған құжаттарды, мөртаңба, мөрлерді, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.