Қазақстанда ғалымдардың жалақысы жыл сайын 20 пайызға өспек
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов еліміздегі ғалымдардың жалақысы жыл сайын 20 пайызға артатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Отандық ғылымды дамыту үшін Үкімет жүйелі іс-шараларды қабылдауда. Ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп, біз жоғары білім және ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлеп бекіттік, жақында. Оның аясында ғалымдардың санын 1,5 есеге ұлғайту, ғылыми институттарды дамыту, ғылыми-зерттеулерді коммерцияландыру, жастарды ғылымға тарту және университет ғылымын дамыту көзделеді», - деді Әлихан Смайылов.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ғылымды қаржыландыру 2020 жылғы 89 миллиард теңгеден биыл оның көлемі 160 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. 2025 жылға қарай қаржыландыру көлемін 240 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Өткен жылы ғалымдардың жалақысы екі есе өсті. Биыл 20 пайызға көбейді, алдағы жылдары жыл сайын 20 пайызға артады.
«Гранттар конкурсының қорытындысына қарамастан, базалық қаржыландыру аясында 700 ғалым жалақымен қамтамасыз етілді. Іргелі ғылымға қаражат гранттар конкурсынан тыс бөлінеді. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің объективтілігі арта түсті, апелляциялық комиссия құрылды. Қазақстанның ғалымдары жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Жас ғалымдарға 1000 грантқа дейін бөлінеді. 2020 жылы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі 38 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 46 пайызға жетті. Жобаларды коммерцияландыру үлесі 27 пайызға артты. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі жоғарылады», - деді Үкімет басшысы.