ҰБТ-дан 138 балл жинаған талдықорғандық түлек өз арманын айтты
Елімізде ҰБТ-дан ең жоғарғы ұпай жинаған түлектер қатары тағы да толықты. Талдықорғандық Біржан Баймырза ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 ұпай жинады. Ол бар болғаны екі сұрақтың жауабын дұрыс табудан қателескен.
Біржан Бауыржанұлы 2003 жылдың 26 желтоқсанында Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында дүниеге келген. 11 сыныпты бітіргенше ол үш мектептің қабырғасында білім алады.
"Қолыма қалам алып, әріп тануды Еңбекшіқазақ орта мектебінде үйрендім. 9 сыныптан бастап Жалайыри атындағы гимназияда білім алдым. Өзім жаратылыстану бағытын таңдағандықтан, 11 сыныпта одан әрі күш салғым келді. Сол себепті, Нұрасыл атты жақын досымның кеңесімен Innoverse Taldyqorgan жекеменшік мектебіне ауыстым. Бұл шешімім үшін өкінбеймін. Өйткені, осында өз білімімді одан әрі шыңдай түстім. Мектепке алғаш келгенде тестілеуден 78 ұпай алғам, тынбай оқып, еңбектенудің арқасында 138 балмен тәмамдап отырмын", - дейді Біржан.
Біржан мектепке алғаш ауысып келгенде онлайн форматта білім алады. Бұл оқушының толыққанды дайындалуына аз да болса кедергі келтірген.
"Қыс айлары басталғанша онлайн түрде оқыдық. Бұл жағдай өзіндік ауыртпашылықтарын туғызды. Карантиндік шаралар тоқтатылып, шағын комплектті мектептерге офлайн форматта білім алуға рұқсат берілген кезде аптасына 3 күн офлайн, 2 күн онлайн форматта білім алдым.
Одан бөлек, бірнеше сабақтан факультативтер ұйымдастырылды. Қосымша уақытты құр жібермей, таңдау пәндерін жетілдіре түстім. Болашақта IT маманы болғым келеді, сол себепті, физика-математиканы тереңдетіп оқыдым.
Алдағы уақытта Astana IT немес СДУ жоғары оқу орындарына түссем деген тілегім бар. Осы орайда, менің арманымның шындыққа айналуына көмектесіп, маған бағыт-бағдар берген, аталған білім ордасында білім алуыма көмектескен ағам мен жеңгеме рахмет", - дейді Біржан.