Мұғалімдердің алған сертификаты жүйеден табылмаған

2 591

Ақтөбеде мұғалімдердің алған сертификаты жүйеден табылмаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың мәліметінше, сегіз айда білім саласы ұйымдарына қатысты 66 іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде 55 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 11 млн теңгеден аса айыппұл салынған.


"Сонымен бірге 68 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды. Негізсіз еңбекақы аударған қаржылық бұзушылықтар № 14, 42, 12, 55, 4, 3, 5, 46, 11, 44, 29, 48 мектептерден анықталды. Қазіргі уақытта артық алынған ақша бюджетке қайтарылды. Өтелмей тұрғаны - 55 мектептегі 389 млн теңге. Оған қатысты іс қылмыстық тергеуде. Мектеп есепшісі жауабында ақшаны құмар ойынға салғанын айтты", - дейді Сәкен Қасымов.


Ведомство басшысының айтуынша, осы уақыт ішінде 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 7 мектеп директоры, 11 есепші бар.


"Мектеп директорлары электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану білмейді немесе селқос қарайды. Есепшіге сеніп тапсырады. Бақылаусыздық негізсіз ақша аударуға әкелген. Мәселен Темір аудандық көркем сурет мектебінде еңбек ақыны есептеу тізімдемесі мен еңбек ақыны аударуда айырмашылық бар. Мекеме есепшісі 2018-2023 жылдың арасында 6 млн 308 мың теңгені өзіне артық төлеген. Бұл қаржы бүгінде бюджетке толықтай аударылды", - деді департамент басшысы.


Осыған дейін қоғамның қызу талқысына түскен ұстаздар қолындағы жалған сертификат дауы өңірде әлі басылған жоқ. Бюджет қаржысын қайтаруға асықпай отырғандар бар. Нәтижесінде облыстың бас ұстазына қатысты әкімшілік іс қозғалды.