Студенттер мүмкіндігі шектеулілерге дәрі-дәрмекті тез жеткізетін ұшатын аппарат құрастырды

2 559

Фото: видеодан кадрСәтбаев университетінің студенттері мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмекті жылдам жеткізетін ұшатын аппарат жасап шығарды. Гексакоптер деп аталатын ұшқышсыз ұшатын құрылғыны «Электротехника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар» кафедрасындағылар құрастырған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, құрылғы аз қабатты үйлер мен алыс ауылдарға дәрі-дәрмек жеткізуге арналған.


Жоба жетекшісі, Сәтбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Абдумежит Дараевтың айтуынша, магистранттар мен студенттер тобы кез келген жағдайда қолайсыз ауа райында немесе жол талғамайтын жағдайда дәрігерлер жедел медициналық көмек көрсете алатын гексакоптер жасауды өздеріне мақсат етіп қойған.


Дәрі-дәрмекті жеткізу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану көлік шығындары мен жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ол үшін дрон навигацияда өте сенімді, сонымен қатар өз функцияларын қалтқысыз, дәл орындай алатын болуы керек. Сондай-ақ дәрі-дәрмек жеткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оның жүк көтергіш қабілеті де шектеулі болады.


Ұшқышсыз ұшу аппараттарының маневрлік және дәл ұшу қабілеті өте жоғары, сондықтан олар дәрі-дәрмекті ең қиын жерлерге де жеткізуге мүмкіндік береді.