Жаңа оқу жылынан бастап 3-сынып оқушылары «Бейнелеу өнері» пәнін оқиды

2 564

Фото: freepik.comЖаңа оқу жылынан 3-сынып оқушылары «Бейнелеу өнері» пәнін оқиды. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«2022-2023 оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта «Көркем еңбек» пәні «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» екі жеке оқу пәндері болып бөлінді. «Бейнелеу өнері» пәні мемлекеттік білім беру стандарты және Үлгілік оқу жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Бейнелеу өнерінің тақырыптары «Көркем еңбек» пәнінің оқу бағдарламасының мазмұнына кіріктірілген. Жалпы орта білім беру жүйесіндегі «Көркем еңбек» оқу пәнінің ерекшелігі әртүрлі өнер түрлерін зерделеу, идеяларды өнер тәсілдері арқылы көрсету, әмбебап (тұрмыстық) және арнайы (пәндік) білімдер мен икемділікті, материалдар мен нысандарды түрлендіру және көркем өңдеу дағдыларын, үй шаруашылығын жүргізу, технологиялар мен техниканы қолдану машықтарын иелену», - деді Үкімет басшысының орынбасары.


Вице-премьердің дерегінше, қазіргі кезде «Бейнелеу өнері» пәні 1-2 сыныптарда аптасына 1 сағаттық оқу жүктемесімен жылына 33-34 сағат толық оқытылады.


«Алдағы 2024-2025 оқу жылында 3-сыныпта және 2025-2026 оқу жылында 4-сыныпта оқытылатын болады. Негізгі орта білім беру деңгейінде «Көркем еңбек» пәні 5-6 сыныптарда аптасында 2 сағаттық жүктемесімен жылына 68 сағат оқытылады. Оның ішінде 1 сағат «Визуалдық өнер» бөліміне бөлінген», - деді Тамара Дүйсенова.