Қызылордадағы озық оқу ордасының ата-аналары лицей аумағында құрылыс жүргізуге қарсы

2 526

Фото: Massaget.kz / Назерке СаниязоваҚызылордада С.Шаухаманов атындағы дарынды балаларға арналған №9 облыстық Білім-инновация лицей-интернатының ата-аналары бас көтерді. Осылайша лицей аумағынан жалпы көпшілікке арналған спорттық нысанның салынуына қарсылық білдіріп отыр. Қарсылық арыз хатына әзірге 120-ға жуық адам қол қойған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.


Білім-инновация лицейі — қызылордалық дарынды балаларға сапалы білім мен тәрбие беріп, оқушылары талай республикалық, халықаралық білім бәйгесінде топ жарып, өңірдің білім саласын өрге сүйреп жүрген оқу ордасы. Отыз жылдық тарихы бар қарашаңырақта қазіргі кезде 500-дей бала оқып жатыр. 2012 жылы жаңа ғимарат 5 гектар жерімен берілді. Онда қыз балалар мен ер балаларға арналған ғимарат, сондай-ақ жатақхана орналасқан. Ата-аналар, оқушылар мен түлектер өз күшімен жыл сайын мектеп аумағын көркейтіп-көгалдандыруға күш салып келеді. Қаншама ағаш егіліп, футбол, спорт алаңдарын салды. Брусчатка төселіп, демалыс пенсеруендеу үшін таптырмас орынға айналды. Алайда, жергілікті билік балаларға жасалған жағдайды, есіл еңбекті елемей, мектеп аумағын құрылыс алаңына айналдырғысы келеді. Ата-аналардың жанына бататыны — осы.


"Ұлдар лицейі республика бойынша үздік тоғыз мектептің қатарында. Бұл – облыс үшін жоғарғы нәтиже. Мұнда облыстың о шеті мен бұ шетінен іріктеліп алынған балалар оқиды. Білім беру процесі таңнан кешке дейін жалғасқандықтан бір сәт бой жазғысы, ми тынықтырғысы келеді. Сондықтан ауланың кең болғаны керек. Он жылдан бері құзырлы орындар тарапынан ол жерге ешқандай жағдай жасалған жоқ. Тек екі жыл бұрын түлектер футбол алаңын тарту етті. Балалар сабақтан тыс уақытта сонда шынығады. Жыл сайын тал егіп, ауланы көркейтіп-көгалдандыруға ата-аналар мен оқушылар бірігіп атсалысамыз. Былтыр жапсарлас бой көтерген Өнер орталығы үшін сол ғимараттың иелігіне лицейге тиесілі жердің белгілі бір бөлігін алып қойыпты. Оны енді біліп отырмыз", - деді ата-ана Разия Молдабекова.


Наразылық білдірушілердің "жерді алып қойған" деп отырған мәселесі былай. 2023 жылы 24 тамызда лицей-интернат жерінің 0,39 гектары басқа нысанға беріліп, жер аумағы азайып, 46 102 шаршы метр болып қайта бекітілген.


Нариман Салқашев — лицей-интернаттың әкелер кеңесінің төрағасы. Демек, оның артында 500-дей баланың әкелері тұр. Барлығы да балаларының болашағы үшін алаңдаулы.


"Бәрін өз күшімізбен құлпыртып отырмыз. Қызылорданың желі, көк шаңы көтеріліп жататынын білесіз. Соған қарамастан балалардың игілігі үшін  былтыр көктемде бәріміз бірігіп 300 тал еккенбіз. Содан кейін Өнер орталығы салынғанда тал егілген аумақтың белгілі бір бөлігін алып қойды. Одан ата-аналардың хабары болған жоқ. Бір тістеп көрді де ешкім үндемегесін енді асауға көшті", - деді Нариман Салқашев.


Жақында, 9 шілде күні лицей директорына облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан хабарлама хаты жеткен. Онда лицей учаскесінің тағы 2,1 гектар жер телімі басқа нысан салу мақсатында алынатыны көрсетілген.


"Мектеп облыстық білім басқармасының теңгерімінде. Бөліп алынған аумаққа "Қызылорда-арена" кешенін салмақшы. Әкімдік бізді "сендердің де балаларыңа тегін үйірмелер ашып береміз" деп алдарқатып отыр. Енді бұл мәселені басқа қырынан алып қарайық. Ол халыққа арналған ғимарат болса, біздің 500 баланы қалай сыйдырмақ? Сонша баланың оған кіріп-шығуы оңай болмасы да белгілі. Әлеуметтік желіде бізді ғимарат құрылысына қарсы сияқты ғып көрсетіп жатыр. Сөз жоқ, "Қызылорда-арена" – өте ауқымды тамаша жоба. Біз оған қосыламыз, қолдаймыз. Бірақ қаланың басқа бөлігінен салсын, оған "қой" демейміз. Біз балаларды төрт қабырғаға қамап, жерді тартып алуына қарсымыз.  Осы мақсатта өткен жексенбі күні, 14 шілдеде 40 шақты ата-ана мектеп ауласына жиналып, қарсылығымызды білдіріп, бейнеүндеу түсіргіміз келген. Бірақ соған қалай, қайдан естігені белгісіз, қала әкімі Серік Қожаниязовтан бастап облыстық білім, қоғамдық даму басқармалары мен қалалық қоғамдық даму бөлімі, тағы басқа құзырлы орындардың басшылық өкілдері сап ете қалды. Олар айналып келіп бізге "Қызылорда-аренаның" маңыздылығын түсіндіре береді. Бізге оны қайталай берудің қажеті жоқ. Мәселе ертеңгі күні балалардың емін-еркін қозғалысы шектелетінінде", - деді Разия Молдабекова.


Ақтоты Тілеуімбетованың ұлы лицейге бір жыл бұрын оқуға түскен. Ата-ана ретінде оны да балалардың жағдайы бейжай қалдырған жоқ.


"Спорт нысаны салынса, қаншама еңбек зая кеткелі тұр. Футбол залы, баскетбол алаңы, ашық алаң, орындықтар, маңдай термен еккен ағаштар тып-типыл болатын түрі бар. Спорт залы мұнда жалғыз, қыздар мен ұлдарға ортақ. Бірін бірі күтуге мәжбүр. Одан да неге осындай жоқтардың орнын толтырмасқа?!" - деді ол.


Ата-аналардың жанайқайы әлеуметтік желіде жарияланды. Оған қала әкімдігі тарапынан төмендегідей жауап берілген:


"Бүгінгі күні Білім-инновация лицейінің оқушылары тек шағын спорт алаңын пайдалануда. Осы спорт алаңы лицейдің бос жеріне ауыстырылып, орналастырылады. "Қызылорда-арена Білім-инновация лицейінің жанынан салынған жағдайда лицей оқушылары кешенді спорт түрлерімен айналысып, жаттығулар жасауға, оқу бағдарламасына бассейнде жүзу, хореографияны енгізуге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар "Саяхат",  "Сырдария", "СПМК-70" шағын аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен "Сабалақ" саяжайындағы мектеп жасындағы оқушылардың мәселесі де қарастырылуда. Білім-инновация лицейінің ұстаздары мен ата-аналардың пікірі зерделеніп, халық мүддесіне қарай шешім қабылданады".


Мәселе Парламент мінберіне де жетті. Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Білім-инновация лицейлері ең мықты мектептер желісі болып табылады. Бұл мәселе түсініксіз екен. Әкімдік шара қабылдап, тиісті жауабын беру керек деп санаймын", - деп жазба қалдырып, ата-аналардың бейнеүндеуін қоса жариялады.