Америкалықтар қазақ ауылында физика-математикадан сабақ беріп жүр
89 Нобель сыйлығының иегері шыққан, әлемнің ең озық оқу орындарының бірі Масачусетс технология институтының студенттері Александр Эдуард пен Ханна Парк Шығыс Қазақстан облысына уақытша қоныс тепті. Олар бір ай бойы Қатонқарағай ауданындағы Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектептің оқушыларына дәріс береді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жобаның жай-жапсарын білу үшін Сейтқамза Ластаев атындағы мектептің басшылығына хабарластық. Мектеп директоры Гүлжан Төлегенованың айтуынша, америкалықтардың келгеніне оқушылар дән риза. Бүгін алыстан келген меймандар білім ордасымен, оқушылармен танысып, бой үйретіп жүр екен. Ертеңнен бастап оқушыларға сабақ бере бастамақ.
2019 жылы Тоқаев өз жолдауында қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім беру сапасы алшақтап жатқанын, оқушылардың білім сапасын арттыру маңызды екенін айтқан болатын. Бұл ретте, "Ауыл мектебі" жобасы пилотты режимде жүзеге асып, бірнеше мектеп іріктелген. Оның ішінде – осы Сейтқамза Ластаев атындағы мектеп те бар.
Айтпақшы, Сейтқамза Ластаев мектебі – Масачусетс технология институтының студенттері келген алғашқы ауыл мектебі.
Не үйретеді?
Америкалық студенттер Қатонқарағайға бірден топ етіп түсе салған жоқ. Мектеп директорының айтуынша, бұған дейін тараптар “ZOOM” платформасы арқылы байланысқа шығып, жобаның жай-жапсарын талқылап алған.
Жалпы, бұл мектеп әу баста ағылшын тілін жетік меңгерген оқушыларымен мақтана алады. Тіпті, мұнда ағылшын тіліндегі дебат клубы бар екен. Өзге мектептермен сайысқа түсейін десе, қарсылас жоқ. Осы ретте, оқушылар америкалық студенттердің келгеніне қатты қуанып, білім деңгейін арттыруға құлшынып отырған көрінеді.
Өздері де үйренеді
Америкалық студенттер келе сала Қатонқарағайдың табиғатына тамсанып, қазақтың салт-дәстүріне қызыға бастаған. Мектепте садақ ату үйірмесі бар екен. Александр бос уақытында садақ атудың қыр-сырын үйренуге ниетті. Ал Ханна болса асық ойындарының шебері болғысы келгенін айтқан.
Табиғат демекші, америкалық студенттер Қатонқарағайдың климатын көріп, нағыз қысты енді сезініп жатқанын айтыпты. Демеушілік есебінен оларға қалың киім сатып алынып, барынша жағдай жасалып жатқан көрінеді. Жалғасы бар...