Грантқа жол ашатын квоталар: Талапкерлер қандай жеңілдікті пайдалана алады

2 506

Жоғары оқу орнына түсетін талапкерлеФото:©gov.kzр үшін білім грантын ұтып алу мүмкіндігін арттыратын арнайы квоталар бар,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық тестілеу орталығы 2026 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлерге заңмен қарастырылған жеңілдіктерді еске салды. Арнайы квоталар кей санаттағы жастарға грант конкурсында қосымша мүмкіндік береді. Ең ірі квоталардың бірі ауыл мектептерін бітірген түлектерге арналған. Ауыл квотасы кей мамандықтар бойынша жалпы грант санының 35 пайызын құрайды. Бұл жеңілдік өңірлерге қажетті кадр даярлауға бағытталған. Ауыл квотасы педагогика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы, ветеринария, медицина және өңір дамуы үшін маңызды басқа да бағыттарға қолданылады. Мұндай квотаға қатысу үшін қосымша құжат тапсыру қажет емес. Талапкердің ауыл мектебін бітіргені туралы мәлімет мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде ескеріледі. Жеңілдік қарастырылған тағы бір санат бар. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-ана қамқорлығынан айырылған жастар үшін жалпы білім гранты санының 1 пайызы бөлінеді.

Мысалы, 2026 жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 12 228 грант қарастырылған. Соның 122 орны осы санаттағы талапкерлерге резервтеледі. Мұндай квотаға қатысу үшін талапкер өз мәртебесін растайтын құжат ұсынуы керек. Оған ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлік, ата-ана құқығынан айыру туралы сот шешімі, ата-анасын хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп тану туралы сот шешімі, патронаттық тәрбие туралы шарт немесе жетім балаларға арналған ұйымнан берілген анықтама жатады. Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге құжаттарын алдын ала тексеруге кеңес береді. Себебі грант конкурсында бәсеке жыл сайын жоғары. Ал заңмен берілген квота бюджетте оқу мүмкіндігін арттыра алады. Мамандар талапкерлерге грант конкурсының шарттарын мұқият оқып, өзіне тиесілі жеңілдіктерді дұрыс пайдалануға шақырады. Әсіресе ауыл түлектері мен әлеуметтік жағынан қорғалатын санаттағы жастар үшін мұндай квоталар жоғары білімге жол ашатын маңызды тетік саналады.