Алматыдағы бастауыш сынып оқушылары сабақта ұйықтай алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24kz сайтына сілтеме жасап.
Ол үшін арнаулы "ұйықтайтын парта" қойылды. Енді балақайлар үзіліс кезінде мызғып алса болады. Бұл жетіліп келе жатқан ағза үшін аса маңызды. Иә, мектептер заман үдерісінен қалмауды көздейді. Жасанды интеллектіні де барынша пайдаланып келеді. Мұның бәрі баланың ғана емес, мұғалімнің де жұмысын жеңілдетеді. Оған қоса, сабақты қызық, мазмұнды етіп өткізуге сеп. Ұзақ уақыт тапжылмай отыру – бұғанасы бекімеген балаларға оңай емес. Оның үстіне кейбірі алыстан келеді. Ерте тұрғандықтан ұйқысы қанбайды. Кептелісте тұрып тағы шаршайды. Осының бәрі оқушының денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Енді 20 минуттық үзілісте парталарын созып, жатып демалып алады. Мұны «ұйықтайтын парта» дейді. Биыл Алматыдағы 15-гимназияның бастауыш сыныптарына түгелдей осындай парта қойылды.
Рауан Жанатханова, №15 гимназияның мұғалімі: - Оның ерекшелігі – оқушылар қоңырау кезінде 15-20 минут релакс минут өткізе алады. Яғни жатқызылған парталарда ұйықтай алады. Қазір ғана міне балалар ұйықтап тұрды. Ол балалардың денсаулығына, сабақта өздерін қалай ұстауына, сабақтағы оқу үрдісіне қалай әсер ететінін біз тәжірибеде бақылап көреміз. Білім ошағы Алматыдағы озық үлгідегі мектептердің қатарынан.
Биыл 20 кабинет қайта жаңғыртылды. Оған қоса, мұғалімдер түгелдей жасанды интеллекті әдістерін сабақта қолдану бойынша курстан өткен. Қазір пайдасын көріп отыр. Әрине ол ұстаздың орнын алмастырмайды, бірақ жұмысты жеңілдетеді.
Бұлбұл Оспанбек, №15 гимназияның директоры: - Швейцарияда меморандумға қол қойғаннан кейін, мектептің ұстаздары 100 пайыз осы курсты бітірді. Барлығы емес, әрине, кейбіреуінде керемет жетістіктер бар. Кейбірі енді тәй-тәйлап келе жатыр. Кез келген жұмысымыз болсын сценарий жазу, ғылыми ізденіс жүргізсек те, жәй мұғалім ретінде сабағымның жоспарын құрсам да, интеллект менің жұмысымды жақсы жеңілдетіп бере алады.
8-сынып жетекшісі Ләззәт Қожақ тәрбие сағатында Padlet цифрлық құралын қолданды. Балалар 4 топқа бөлініп, «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбына қатысты білгенімен бөлісті. Еліміздің тарихи жерлері, табиғаты, атақты тұлғалары және Париж олимпиадасы туралы жазба жариялап, оған әлеуметтік желідегідей лүпіл басып, пікір білдірді.
Ләззәт Қожақ, № 15 гимназияның мұғалімі: - Суреттер мен мәтіндерді сол платформада іздейді. Ол жерде артық басқа сайттарға кіріп отырудың қажеті жоқ. Мәтін мен суретін қояды. Өте тез жасалады. Ол жерде балалар бір-бірінің жасаған презентациясын пост қылып жариялайды соған лайк басып комментарий жаза алады.
Гимназияда 2 мың 700-ден аса бала білім алады. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытады. Мұғалімдеріміз жаратылыстану, математика пәндерін ағылшынша оқытуға жарап қалды, - дейді гимназия директоры.
Биыл екінші жыл курстан өтіп жатыр. Оған қоса, мектепте ерекше театр жұмыс істейді. Сахнаға қажет заттар мен киімдер оқушылардың өз қолдарынан шыққан. Сондай-ақ, ерекше үлгідегі кітапхана мен психологиялық студия бар.