Елімізде педагогтар арасында жаңа байқау жарияланды
«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» республикалық конкурсы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін педагогтер арасында өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында айтылғандай, педагогтер видео түріндегі авторлық жұмысын мына 12 бағыттың бірі бойынша ұсына алады:
- мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтері үшін ерте сауат
- оқу сауаты
- математика сауаты
- жаратылыстану-ғылыми сауаты
- цифрлық сауат
- медиа-ақпараттық сауат
- қаржы сауаты
- экологиялық сауаты
- денсаулық сақтау сауаты
- әлеуметтік-эмоционалды сауат
- мәдениетаралық сауат
- азаматтық-құқықтық сауат.
Конкурсқа жеке немесе авторлық топпен қатысуға болады - топтағы қатысушылар саны 3 адамнан аспауы тиіс.
Мұғалімдердің келесі жұмыстары қабылданады: дәріс, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, сандық білім беру ресурсы және бейне подкаст.
Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы мүмкін. Конкурс қатысушылары ұсынатын бейнематериалдардың саны шектеулі. Бір педагог немесе бір авторлық топ тек бір бағытқа қатысуға өтінім беріп, бір бейнематериал жібере алады.
Конкурс жұмыстары жеті критерий бойынша бағаланады: өзектілік, дәлелділік, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялылық, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік, аудио/бейнеқатарды беру сапасы.
12 бағыттың әрқайсысында бір І орын, екі ІІ орын және үш ІІІ орын беріледі. Өңірлік және республикалық кезеңдердің бүкіл қатысушылары қатысу сертификаты және жеңімпаздар дипломмен марапатталады.
YouTube-та ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша мадақтау сертификаты қарастырылған.
Конкурстың барлық марапаттау құжаттары біліктілік санатын беру немесе растауда ескерілетіні туралы айта кеткен жөн.
Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысу өтінімдері мына сілтемеде қазан айының 10-на дейін қабылданады.
Қосымша ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалдарында алуға болады.