6996 талапкер мемлекеттік грант конкурсына қатысуда
Биыл мемлекеттік грант конкурсына 6996 түлек қатысуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақтағы 330 мектепте (295 мемлекеттік, 24 жекеменшік, 8 кешкі мектеп, 3 арнайы мектеп-интернат) 179 869 оқушы білім алуда.
2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 – сыныпты бітіруші 8 051 түлектің 7 219 – ы немесе 89,6 % - ы ҰБТ-ға қатысты. Түлектердің орташа балы 87-ні құрады.
1213 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған. Шекті деңгейден өтпегендер саны (49 балдан төмен) – 223. Мемлекеттік грант конкурсына 6996 түлек қатысуда. Облыс бойынша ең жоғары – 137 балды Арал ауданы №220 орта мектептің түлегі алды.
Сол секілді Қызылорда қаласының сынақ тапсырушылары 134, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандары және №9 Білім - инновация лицейінің түлектері 133 балл жинап, жоғары нәтижеге жетті.
Оқу жылын 514 түлек «Алтын белгіге» және 823 түлек «Үздік аттестатқа» аяқтады.
Жаңа 2023-2024 оқу жылында 1 – сыныпқа 17 543 бала келеді деп күтілуде. Оның ішінде 16 141-і немесе 92 % - ы қазақ сыныбына 1 402 – і немесе 8 % - ы орыс сыныбына оқуға өтініш білдірген.
Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мың орынға лайықталған білім ошақтарын салуға тапсырма бергені белгілі. Ұлттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары 15 100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарлануда.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 8, Арал ауданында 4, Қазалы ауданында 2, Қармақшы ауданында 2, Жалағаш ауданында 1, Сырдария ауданында 1, Шиелі ауданында 1, Жаңақорған ауданында 2 мектеп салынады.
Оның ішінде 10 мектеп 2024 жылы, 11 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бүгінде аймақта 6 апатты (Арал ауданы №248 мектеп, Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105,108 мектептер, Шиелі ауданы №45,133 мектептер), 6 үш ауысымдық оқытуға көшуі мүмкін мектеп (Қызылорда Абай мектебі №3,101,261,264,280) бар .
Қазір Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты №248 мектепті жеке инвестор салуда. Мектеп осы жылы пайдалануға беріледі.
4 апатты мектептің құрылысы (Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105,108 мектептер, Шиелі ауданы №45) «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына енгізілді. Жоспарға сәйкес мектептер 2024-2025 жылдары іске қосылмақ.
Сонымен қатар, Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық №133 мектептің құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл құрылысты Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландыру ұсынылды.
Қызылорда қаласындағы 6 үш ауысымды мектеп бойынша былтыр Абай мектебіне 550 орындық, №101 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша ғимарат құрылысы басталды. Аталған нысандар жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп есебінен үш ауысымды №261, 280 мектеп мәселелері шешімін табады.
Сондай-ақ, №264 мектеп-лицейге 550 орындық, №3 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылысы биыл басталды.