Елімізде келесі жылдан бастап педагог-ассистенттер арнайы колледждерде даярланады, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл мамандар ерекше оқушылардың жүріп-тұруын, білім алуын сүйемелдейді. Бұрын мұндай мамандықты ұстаздар қосымша курстардан меңгеріп алатын.
«Енді колледжде дуальді әдіспен оқытылатындықтан жақсы тәжірибе қалыптасады», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері.
Еркегүл Қайрат, тілші: - Айман Мұталиеваның педагог-ассистент ретіндегі жұмыс тәжірибесі 7 жылдан асты. Оның мектебінде қазір мүмкіндігі шектеулі 154 бала оқиды. 58-і педагог-ассисенттің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Баланы күнделікті ата-анасынан қабылдап алған соң оның жай-күйі бақыланып, сабаққа дайындығы тексеріледі. Ал Айманның мұндағы міндеті – сабақ барысында ерекше оқушыларды жігерлендіріп, оқуға қызығушылығын арттыру.
Айман Мұталиева, педагог-ассистент: - Бала сыныпқа кедергі келтірмей тыныш отыруы керек. Сабағын да орындауы керек. Біз сапалы білім алуға жағдай жасаймыз дедік қой. Бәрін біліп кетпесе де. Біліп шығуы керек. Бір күндік сабақты алып шығуы керек. Көп күш салмаймыз. Себебі оны қабылдай алмай қалады балалар. «Негізінде ерекше балалары бар ересектердің өздеріне де психологиялық қолдау қажет», - дейді мамандар.
Сондықтан ерекше баласы бар Махаббат Мұратқызы өзі сияқты аналардың басын қосып, «Инклюзивті ата-аналар қорын» құруға бел буған. Ол мұндай балаларды қоғамға тезірек бейімдеу үшін сыныптың белсенді өмірінен тыс қалдырмауды ұсынады. Осындай жағдайда да педагог-ассистенттердің көмегі ауадай қажет.