ҰБТ-2022: 137 оқу гранты өз күшін жойды
251
Ұлттық бірыңғай тестілеудегі видеожазбалар тексерілгеннен кейін 137 талапкер грантынан айырылды. Бұл туралы ҰТО директоры Руслан Емелбаев жазды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Қазіргі таңда бейнежазбаларды қайта қарау қорытындысы бойынша 153 тестіленушінің ҰБТ нәтижелері жойылды, олардың 137-сі білім беру грантының иегерлері. Тиісті шараларды қабылдап, ереже бұзушылардың грант туралы куәліктерін жарамсыз деп таныдық», - деді Руслан Емелбаев.
Аталған фактілер бойынша Ұлттық тест орталығы қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерулер жүргізіліп, жұмыстардың одан әрі жалғасуы үшін тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолданып жатыр.
«Биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылды», – деп жазды ол.