Мұғалім әуежайдағы оқиғадан кейін жұмыстан босатылғанымен, сотта әділдікке қол жеткізді

2 537

Фото: Pixabay.comТүркістан қаласындағы білім беру ұйымының мұғалімі «әдепке қайшы іс-әрекет жасады» деген себеппен жұмыстан босатылған. Мұндай шешімге оның Алматы қаласының халықаралық әуежайында болған оқиғасы түрткі болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қауіпсіздік қызметі тексеріс кезінде мұғалімнің айтқан сөзін қоғамға қауіп төндіруі мүмкін деп қабылдап, Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша іс қозғаған. Алайда кейін қылмыс құрамы анықталмағандықтан, іс тоқтатылған.

Осыдан кейін мұғалім сотқа жүгініп, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тануды және еңбек шартын «тараптардың келісімі бойынша бұзылған» деп өзгертуді талап етті. Сондай-ақ еңбек кітапшасына түзету енгізіп, моральдық өтемақы төлеуді сұрады.

Сот отырысы барысында тараптар татуласу келісіміне келді. Сот келісімді бекітіп, білім беру ұйымын еңбек шартын бұзу туралы бұйрық пен "Enbek.kz" жүйесіндегі және еңбек кітапшасындағы жазбаларды өзгертуге міндеттеді.

Тараптар барлық міндеттер орындалғаннан кейін өзара шағымданбауға уағдаласты. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.