«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы»: тағы 50 резервист басшылық қызметке тағайындалды
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен оқытуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бағдарламаның бірінші жылында 207 қатысушы республикалық кадр резервіне алынды, оның 180-і мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары болып тағайындалды. Ал 2024 жылы аяқталған екінші лектің нәтижесінде 376 педагог қабылданды. Олардың 50-і мектеп директоры, 40-қа жуығы директордың орынбасары қызметіне кірісіп кетті.
Жобаға қатысушылардың бірі - Мейрам Бектеміров. Петропавл қаласындағы қалалық мектепте жұмыс істегеннен кейін 2025 жылдың қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы ауылдық мектептің директорына тағайындалды.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен жобаны жүзеге асыруда. 2024 жылы жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны алдыңғы жылға қарағанда 2,5 есеге артқан. Бағдарламаға балабақша, мектеп және колледж мұғалімдері қатысуда.
Іріктеу бес кезең бойынша өтті: кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау бойынша тестілеу, оқу, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және республикалық комиссиядан әңгімелесуден өту.