«Дипломмен ауылға» кадр тапшылығын жоя алмай жатыр

295
Сенатор Ләззат Сүлеймен жоғары оқу орындарының жас түлектеріне арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тартымдылығын арттыру үшін оны өзгертуді ұсынды. Ол премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында бірқатар нақты шараларды да атап көрсетті,- деп хабарлайды
Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жобаның тиімділігіне тоқталған сенатор, бағдарламаға қатысушылардың кейіннен ауылда тұрып жатқанын айта келе, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын алға тартты.

«Орналасқан мамандар білім саласына, денсаулық сақтау саласына тиесілі.  Проблемалық мәселелер де баршылық. Біріншіден, мәдениет, спорт, әлеуметтік, агроөнеркәсіп салаларына орналасқан мамандар саны өте аз», - деді сенатор.

Сондай-ақ, депутат Ұлттық экономика министрлігі жүргізіп жатқан тәжірибені де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін қысқарғанына тоқталды. Бұл көбінесе жобаға қатысушылардың тиісті төлемдерсіз қалуына әкеледі. Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында өтініш бергендердің 70 пайызы ғана тұрғын үй сатып алуға несие ала алған болса, қаржы тапшылығы 757 миллион теңгеден асқан. Осы және басқа да бірқатар жүйелі мәселелерді шешу үшін сенатор Үкіметтің қарауына бірқатар нақты шараларды ұсынды.

«Мамандарды ынталандыру мен жергілікті жерлерде бекітуді ауылда ғана емес, моно қалаларда да іске асыру керек. Сондай-ақ бүгінгі экономикалық жағдайды ескеріп, жергілікті  атқарушы  органдардың  ұсыныстарына сәйкес, көтерме жәрдемақы және тұрғын үйге берілетін бюджеттік несие мөлшерлерін ұлғайтуды қарастыру қажет. Өңірлердің қажеттілігін нақты ескеріп, тиісті талдау өткізу, қолдау салаларының тізімін кеңейту, қаражат бөлудің, пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету, көмек беру бағыттарын кеңейту маңызды», - деді сенатор.