Абай Ұлттық Мектебі жаңа ғимаратының алғашқы қазығы қағылды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысын бастау рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Алматы қаласының басшылығы, «Қазақстанның Еңбек Ерлері» А.Миразова, Г.Нұрпейісова, А. Жұмаділдаев, Парламент және мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым мен педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Семей өңірінде абайтанушы ғалымдармен кездесуінде Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын заманауи талапқа сай жетілдіріп, ең үздік білім ордасына айналдыру, гуманитарлық саланы дамыту, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға баса мән беру туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта бүгінгі таңда Абай атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатын «Абай ұлттық мектебіне» трансформациялау тұжырымдамасы жасалуда. Сондай-ақ Президент бастамасымен елімізде гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектептер мен мектеп-интернаттар желісі дамуда.
Жаңа ғимараттың алғашқы қазығын қағу рәсімінде сөз сөйлеген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай ұлттық мектебінің болашақта барлық мектептің көшін бастайтын үлгілі білім ошағына айналатынына сенім білдірді.
Құрылысы басталған жаңа ғимарат нысаны 900 оқушы орнына арналған. Оның инфрақұрылымында мектеп-пансион, мұғалімдер үйі, кітапхана, ABAY-arena спорт кешені, жылыжай аумақтары және тағы басқа құрылыс нысандары қарастырылған. Білім ұйымын 2025 жылы қыркүйектен бастап қолданысқа беру жоспарланған.