Министр: ЖОО-ларда ақылы оқу бағасы грант құнымен тең болуы керек
Жоғары оқу орындарында ақылы оқуға төленетін қаржы мемлекеттік білім гранты құнынан аспауы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министр биыл бакалавриат, магистратура, докторантураны есептегенде 93 мыңнан астам грант, оның ішінде 77 мыңнан астам грант бакалавриатқа бөлінгенін, конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99 пайыз көлемінде игерілгенін айтты.
– Оқу ақысына келер болсақ, барлық мемлекеттік жоғары оқу орнындағы бағаны ұстап отырмыз. Жекеменшік жоғары оқу орындарымен байланыстамыз. Қарасаңыздар, өңірлерде өткен жылы 7-10 пайызға дейін ғана өсті. Қазіргі таңдағы министрлік ұстанымы - ақылы қызметтер грант құнынан аспауы тиіс. Сондықтан өңірлік университеттерде 560-690 мың шамасында ұстап тұрмыз. Бұл мәселе министрлік бақылауында, - деді Саясат Нұрбек БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Саясат Нұрбектің атап өтуінше, биыл ҰБТ-ға 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Оның ішінде 160 мың адам немесе 76 пайызы шекті балды еңсерді.







