Жаңақорған ауданында алғашқы қоңырау соғылды
Жаңақорған ауданында 1 қыркүйек – Білім күніне орай барлық білім беру ұйымдарында салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау соғылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мереке күні аудан әкімі Мажит Самитов, облыстық білім басқармасының басшысы Аскарбек Есжанов №196 орта мектебіне барып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1 қыркүйек – жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, жас ұрпақтың арман-мұратына қадам басатын, білім мен ғылымға жол ашатын айтулы күн. Білім – кез келген елдің ең үлкен байлығы, келешегінің кепілі. Сондықтан жас жеткіншектердің заманауи білім алып, көзі ашық, көкірегі ояу болып өсуі – біздің басты мақсатымыз», – деді аудан әкімі.
Құттықтау сөз алған басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы:
Шара аясында аймағымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар мен ардагер ұстаздар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – ұстаз еңбегінің бағаланғанының, олардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенінің айғағы.
Мерекелік көңіл-күй оқушылардың жүрекжарды тілектерімен және әсем ән-шашуымен жалғасын тапты. Әсіресе алғаш мектеп табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндердің қуанышы баршаға ерекше әсер сыйлады.
Жиыннан кейін аудан және басқарма басшысы мектеп сыныптарын аралап, ашық сабаққа қатысты және ағымдағы жөндеуден өткен білім ордасының материалдық - техникалық базасымен танысты.







