Жемқорлардан қайтарылған қаржыға 77 жаңа мектеп салынды
Жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен елімізде 86 мыңнан астам оқушы орны ашылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры заңсыз жолмен алынған мүлікті өндіріп алу арқылы толықтырылып келеді. Қор қаражаты мектеп жетіспеушілігін жою мақсатында жаңа білім беру ұйымдарын салуға, бар мектептерді жаңғыртуға бағытталған.
Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтовтың айтуынша, осы уақытқа дейін 86 мыңнан астам орындық 77 мектеп пайдалануға берілген.
“Мемлекет балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Бүгінде 86 мыңнан астам орындық 77 мектеп іске қосылды. Олардың басым бөлігі Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Астана қаласында орналасқан”, – деді ол.
Айта кетейік, қор есебінен жалпы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылған.







