2026 жылы "Болашақ" бағдарламасы аясында 20 грант бөлінеді
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде атом энергетикасы саласына мамандар даярлауды күшейтуге бағытталған маңызды төртжақты меморандумға қол қойылды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Құжатқа министр Саясат Нұрбек, ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Аманжан Сәтқалиев, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әділ Кусманов және "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Ерлан Бердігұлов қол қойды.
Министрлік мәліметінше, меморандум атом электр станциясын салу және кейін оны пайдалану үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатта "Болашақ" халықаралық стипендиясы аясында атом энергетикасы бойынша мамандар даярлаудың жаңа бағыты енгізіледі.
2026 жылы бағдарлама шеңберінде аталмыш салаға 20 грант бөлінбек. Алдағы жылдары гранттарды жыл сайын бөлу жоспарлануда. Бағдарлама магистратура, докторантура және халықаралық тағылымдамалар форматында іске асады.
Атом саласына қажетті білікті инженерлер, технологтар, операторлар және басқа да кәсіби кадрларды даярлау үшін жұмыс берушілермен тығыз өзара іс-қимыл орнату қарастырылған. Осыған байланысты стипендиат, жұмыс беруші және бағдарламаның әкімшісі арасында үшжақты келісімшарт жасалатын болады. Бұл түлектердің міндетті түрде жұмысқа орналастырылуын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Pennsylvania State University, Grenoble INP – UGA, Shanghai Jiao Tong University, City University of Hong Kong және "МИФИ" Ұлттық зерттеу ядролық университеті сияқты шетелдік жетекші оқу орындарымен ынтымақтастық жөніндегі келісімдер әзірленуде.







