Eлордалық жеткіншек 850 кітап оқыған
1 518
Астанада 11 жастағы Алтынай Өтеубаева төрт тілде 853 кітап оқыған,-деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Астанадағы №17 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева қатарластары арасында оқуда көш бастап тұр. Он бір жасар оқушы 853 кітап оқыған. Анасы Дина Өтеубаева Алтынайды бір жасынан бастап кітапқа баулыған.
"Бір жарым жасында суреті бар кітаптарды көрсетіп сөйлей бастады. Алтынай төрт жасқа толғанда Ұлбританияға барып, сол жақта үш жарым жыл тұрдық. Мектепке де сол жақтан барды, кітапханаларға жиі баратын едік. Көбіне көркем әдеби кітаптарды жақсы көретін. Қазір қиял-ғажайып кітаптар оқиды", - дейді Дина Өтеубаева.
Алтынай қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Арманы - Кембридж, Оксфорд университтеріне түсу.
"Мен Алтынайға телефон ұстатпадым. Бос уақытында үнемі кітап оқып отыратын. Теледидарды да көрсетпедім, анда-санда балаларға арналған қызықты бағдарламалар көретін. Төртінші сыныпқа келгенде кнопкалы ұялы телефон ұстады. Жақында ғана смартфон алып бердік. Өйткені Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге дайындалып жүр, сол себепті смартфон алдық. Оның өзінде жарты, болмаса бір сағаттан көп пайдалануға рұқсат етпеймін. Сабақ онлайн өткен кезде смартфонды ұзақ ұстауға тура келеді", - дейді жеткіншектің анасы.
Алтынайдың ата-анасы мемлекеттік қызметкер, отбасында үш бала бар, Алтынай үйдің үлкені.
"Қанша жерден қауырт болып жүрсең де баланы үнемі бақылауда ұстап, дамыту керек. Біздің әжеміздің де көмегі өте зор. Ол кісі Алтынайды дамытуға үлкен септігін тигізді", - дейді Дина Өтеубаева
"Балаға әдетте ойынды қой деп жатса, мен Алтынайға кітапты қоя тұр деп айтумен боламын. Өйткені бір кітапы бастаса, аяғына жетпейінше тынбайды. Сағат 22:00-де баланы міндетті түрде ұйықтатып тастаймын. Сол кезде ылғи кітапты қой, ұйықта деп айтумен боламын. Болмаса шағын кітапты оқы, оқып тауыса алмай қаласың деймін", - деп атап өтті Дина.







