Мектептерде азық-түлік бағаларын бақылау арқылы 10 млн теңге үнемделді
Павлодар облысының білім беру ұйымдарында азық-түлік бағаларына жүргізілген тексеріс барысында мемлекеттік сатып алу барысында артық шығынның жолы кесілді. Нәтижесінде бюджеттің 10 млн теңгесі үнемделді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Жоламан Қиналбековтің айтуынша, департамент мамандары мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерді жүйелі түрде талдап, бағаларды нарықтық көрсеткіштермен салыстырады. Егер сатып алу құны шектен тыс жоғары болса, бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарланады.
Өңірде үш жыл бұрын құрылған облыстық комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының тұрақтылығын тұрақты бақылап келеді. Комиссия құрамына әкімдік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және білім басқармалары мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары кіреді.
Биыл комиссия мен департаменттің бірлескен жұмысы нәтижесінде 16 артық делдал анықталып, олардың қызметі тоқтатылды. Бұл өңірде азық-түлік бағасының өсуін тежеді.







