Мектеп асханасында тышқан жүгіріп жүр

1 535

Фото: СС0 / Christine McCallАлматыда жекеменшік мектептің асханасына көңілі толмаған бір топ ата-ана азық-түлік сапасы мен санитарлық жағдайға қатысты шағымдарын ашық айтты,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп асханасынан тамақтанған балалар жиі сырқаттанатын болған. Ұл-қызының денсаулығына алаңдаған олар бірнеше рет мектеп әкімшілігіне ескерту жасағанымен, мәселе шешілмей, санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасына жүгінуге мәжбүр болыпты.

Ата-аналар күн сайын қайталанатын дәмсіз әрі күмәнді ас мәзіріне наразы.

“Тамақ ұнамайды. Макаронның дәмі біртүрлі. Ас мәзірінде дәмдеуіш болмау керек, бірақ соның дәмі шығады. Аспаз өзі айтты”, – дейді ата-аналардың бірі Клара Жарбосынова.

Тағы бір ата-ана ашыған тағам берілгенін алға тартып, балалардың денсаулығына қауіп төніп отырғанын айтады.

“Балаға ашыған тамақ берген. Ондай тамақты жесе, ертең түрлі ауру шығады ғой. Біз ақша төлеп, ауру сатып алып отырмыз ба?” – деп ашынды Айнұр Кескенбаева.

Балалардың басым бөлігі дәмсіз тамақты ішпей, сабақтан кейін аш қайтады екен. Ал кейбірінің тамақтанған күні іші ауырып, мазасызданатыны жиілеген. Ата-аналар әр балаға айына 150 мың теңге төлейтінін айтады.

“Апта сайын мұғалім хабарласып, ‘қызыңызды алып кетесіз бе?’ деп сұрайды. Себебі – іші ауырып, мазасызданады”, – дейді Қарлығаш Тағаева.

Жағдайды ушықтырған тағы бір жайт – оқушылар түсірген видеода асханада тышқанның жүгіріп жүргені анық көрінеді. Бұл көрініс ата-аналардың ашу-ызасын одан сайын күшейткен.

Дегенмен мектептің негізін қалаушы Қанат Ахмедов тағам сапасы талапқа сай екенін айтып ақталды. Ол балалармен бірге өзі де сол асхананың тағамын ішетінін жеткізді. Соған қарамастан, ата-аналардың талаптарын ескеріп, аспазды және мәзірді ауыстыруға уәде берді.

“Келесі дүйсенбіге дейін асхана қызметкерлерін ауыстырамыз. Мәзірді реттейміз. Ата-аналардың апта сайын тексеруіне мүмкіндік береміз. Ал тышқанға қатысты айтар болсам, мектеп артында жазық дала бар, сол жерден келуі мүмкін. Дезинфекция ай сайын жүргізіледі”, – деді Ахмедов.

Ата-аналардың шағымы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасына жолданған. Енді прокуратура рұқсат етсе, мектепте жоспардан тыс тексеріс жүргізілмек. Егер заң бұзушылық расталса, мектеп әкімшілігі айыппұл арқалауы мүмкін.