Тоқаев білім беру жүйесін жаңарту үшін Сүлейменовамен келісім жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдап, 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттермен таныстырылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Министр Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленген, мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Жұлдыз Сүлейменова бастауыш білім беру мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын атап өтті. Мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып қайта қаралуда.
Министр білім беру саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасы 6760 мектепке енгізіліп, дипломдар, аттестаттар мен түрлі анықтамалар толықтай цифрлық форматқа көшірілген. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өткен. Тағы 200 мыңға жуық педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ-ассистенттерді пайдалану дағдыларын меңгеріп жатыр. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 209 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге балабақшаға кезек екі есеге жуық қысқарған.
Президент бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен білім беру саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізудің маңыздылығын айтты.







